Skip to main content
x

Магистрлерге диплом табысталды

 

2019 жылғы 5 шілде күні Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің оқу бітіруші магистранттарына арналған салтанатты түрде диплом табыстау рәсімі өтті.

Салтанатты іс-шараға университет ректоры М.Сырлыбаев, университет проректорлары А. Жакупоав, Ә. Дүйсембина, оқу ордасының профессорлық-оқытушылар құрамы, бітіруші магистранттар мен ата-аналар қатысты.

Мәдени шараның шымылдығын Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры Марат Сырлыбаев құттықтау сөзімен ашып, оқу бітіруші магистранттарға диплом табыстады.

Білім ордасының басшысы оқу бітіруші жастарға еңбек жолында сәт-сапар тілеп, докторантураға түсуге шақырды. Сондай-ақ, университеттің проректорлары Айгүл Жакупова, Әсем Дүйсембина және университеттегі Ардагерлер кеңесінің төрайымы Тыныштық Мұқатқызы Ахметова сөз кезегін алып, оқу бітіруші жас ғалымдарды құттықтады.

Адам өміріндегі ерекше бір қуанышты сәттердің бірі – қалаған жоғары оқу орындарына түсіп, қолдарына таңдаған кәсіби мамандықтары туралы диплом алу. Бұл әрбір жастың балалық шағынан бергі аңсаған ізгі арманы.

Бүгін міне, білім ордасындағы студент-жастардың соның ішінде магистранттардың сол аңсаған армандары орындалып, қолдарына магистр дәрежесі атағы бар диплом алып отыр.

Бүгінде Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті Қазақстандағы алдыңғы қатардағы жоғары оқу орындарының бірі болып саналады.

Университетімізде педагогикалық, техникалық және ауылшаруашылығы мамандықтары бойынша жеті мыңға жуық студент-жастарымыз сапалы білім алуда.

Биылғы оқу жылында универсиететімізді екі мыңнан астам студент-жастарымыз бакалавр, магистр, докторантғылыми дәрежелері бойынша оқуларын аяқтап, кәсіби маман ретінде қолдарына диплом алды. Солардың ішінде, 200-ден астам түлектеріміз ерекше дипломның иегерлері атанды. Бұндай көрсеткіш өте қуантарлық жағдай. Бұл біздің университетіміз үшін жоғары мәртебе, әрі үлкен абырой болары сөзсіз.

Шоқан атындағы оқу ордасын бітірген түлектеріміз бүгінде өздерінің алған білімдерімен еліміздегі мемлекеттік мекемелерде, ұлттық холдингтер мен ірі компанияларда, құқық қорғау органдарында, сондай-ақ білім және ғылым салаларында табысты қызмет етіп, еліміздің дамып-өркендеуіне өз үлестерін айтарлықтай қосып келеді. Енді міне, солардың қатарын бүгінгі оқу бітіруші түлектеріміз толтырып отыр.

Салтанатты шара барысында 136 түлек магистр дәрежесін иеленіп, қолдарына құжаттарын алды.

Бүгінде магистратураға түсіп, аяқтап шыққан мамандар әлемнің дамыған елдерінде, әсіресе Еуропада өте жоғары бағаланады. Олар 100% жұмысқа орналасып, еңбек нарығында ерекше сұранысқа ие болуда.

Еліміздегі жасалып жатқан осынау игiлiкті істердiң барлығы ел болашағы – жастардың жарқын келешегі үшiн жасалуда. Осыған орай, ағымдағы жылды «Жастар жылы» деп оған аса мән де беріліп отыр.

Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде де студент-жастар мен жас ғалымдарға сапалы білім алып, кәсіби білікті маман болуларына барлық кажетті жағдайлар жасалған. Атап айтсақ, бірнеше оқу корпустары, ондағы заманауи үлгіде жабдықталған оқу-әдістемелік зертханалар мен ғылыми кешендерді атауға болады.

Бүгінгі диплом алып отырған білім ордасының түлектеріне «Жарқын өмiрге басқан қадамдарыңыз, алған дипломдарыңыз құтты болсын!» деп тілек білдіреміз.

 Қадамдарыңыз сәтті, жолдарыңыз АҚ болсын, қымбатты Шоқанның жас түлектері!

kgu.kzkgu.kzkgu.kz