Skip to main content
x

Қазақта кім білмейді Біржан салды,

ағызған қызыл тілден шекер балды...

 

2019 жылғы 6 қыркүйек күні киелі де қасиетті Көкше жеріндегі Біржан сал ауданында үш жүзге аты мәлім, халқымыздың ақиық ақыны, дүлдүл сазгер-әншісіміз, ән мен күйдің алыбы Біржан сал Қожағұлұлының 185 жылдық мерейтойына арналған «Біржан-қазақтың халықтық музыка мәдениетінің алыбы, сал-серілер, әнші-композиторлардың ұстазы!» тақырыбындағы ғылыми-практикалық конференция өтті.

         Ғылыми шараға Алматы, Астана, Көкшетау, Солтүстік және Орталық Қазақстан мен Жетісу өңірінің көрнекті ғалымдары мен ақын-жазушылары, мәдениет және қоғам қайраткерлері, сазгерлер мен айтыскер ақындары, Біржан сал ауданының азаматтары мен зиялы қауымдары, сондай-ақ студент-жастар мен мектеп оқушылары қатысты.

Мерейлі тойға арнайы келген ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері Біржан сал бабамыздың басына барып, құран бағыштады.

Қасиетті қазақ жерінде талай батыр бабалар мен дарынды да өнер иелері дүниеге келген. Олардың қайталанбас ерен ерліктері мен ұрпағына қалдырған асыл мұралары халқымыздың жадында мәңгі сақталып, өшпес із қалдырған. Бүгін, міне, солардың бірегейі, қазақ поэзиясы мен саз өнерінің тарихында ерекше орны бар халық композиторы, асқақ сазгер-әнші, сал-серілер мектебінің бастамшысы Біржан сал Қожағұлұлының мерейлі де торқалы тойы өз жерінде ерекше аталып өтті.

Біржан сал Қожағұлұлы жеті қырлы бір сырлы – асқақ үнді ақын, дарынды сазгер-әнші. Ол – қазақтың әншілік-орындаушылық өнерін дамытып, халық музыкасын өз шығармашылығымен биік белеске көтерген, аса дарынды халық композиторы. Біржан салдың лирикалық өлеңдерінде өзі өмір сүрген заманның әлеуметтік, адамгершілік мәселелері алға тартылып, адам жанының нәзік сезім-күйлерінен сыр шертіледі.

Біржан сал бабамыздың құрметіне орай аудан орталығындағы Мәдениет үйінде ұйымдастырылған жиындағы халықтың қарасы қалың болды. Жиылған қауым барша қазақтың мақтанышына айналған Біржан сал Қожағұлұлының өмірінен тың деректер беретін арнайы көрмені тамашалап, қазақтың қолөнер бұйымдары және салт-дәстүрлеріне айналған асыл қазыналарымен танысты.

Ұлы бабамыздың дүбірлі тойына арналған ғылыми шараның шымылдығын өзінің құттықтау сөзімен ашқан Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Кенжешұлы Әбдіқалықов облыс әкімі Ермек Боранбайұлының құттықтауын да көпшілік  назарына жеткізді.

Сөз кезегін алған Біржан сал ауданының әкімі Ермек Бекенұлы Нұғыманов конференцияға қатысушыларды бүгінгі мерейлі мерекемен құттықтап, аудандағы орталық көшедердің біріне Біржан сал есімінің берілгендігін, оның атындағы музыка мектебінің жұмыс істейтінін, мемориалдық кешен мен мәдени клубтар барлығын, сондай-ақ Ұлы бабамыздың жерленген жеріне ескерткіш, ал Мәдениет үйінің алдына мүсіні орнатылғанын тілге тиек етті. Сонымен қатар ұрпақтар сабақтасты дәстүріне сай ауданда Бірдан сал даңқын асырар игі істер жалғаса беретінін ерекше атап өтті.

Бүгінгі ғылыми шараның модераторы болған Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры Марат Сырлыбаев ғылыми-практикалық конференцияны жүргізіп, аталмыш іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне себепкер болды.

Пленарлық бөлімнің алғашқы баяндамашысы ақын-жазушы, драматург, жыршы-манасшы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қырғызстанның Абдылас Малдыбаев атындағы халықаралық сыйлығының лауреаты, Біржан сал ауданының құрметті азаматы Баянғали Әлімжанов «Ән Біржан» тақырыбында баяндама жасап, соңында бабасына арнау жырын оқыды. Сондай-ақ, ғылыми шара барысында Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, ф.ғ.д. Қазақстанның әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі Серік Негимов «Біржан сал және оның заманы», Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің қазақ филологиясы кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ.к. Аманжол Есмағұлов «Қазақ өркениетіндегі Абай мен Біржан», Қазақстан жазшылар сыйлығының лауреаты, ақын-жазушы, әрі журналист, аудармашы, Біржан сал ауданының құрметті азаматы Қорғанбек Аманжол «Біржан бұрмалары», Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көптеген ғылыми-зерттеу мақалалардың авторы, «Мәңгілік сарын», «Қазақтың 1000 күйі» күй антологияларына Арқа, Алтай, Қаратау күйлерін жазған бірнеше күйтабақтардың авторы, белгілі сазгер-күйші Жанғали Жүзбай «Біржанның домбырасы», Айтыскер ақын,  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, бірнеше республикалық және халықаралық айтыстардың жеңімпазы Айтақын Бұлғақов «Ақын Сара туралы», Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессоры, ф.ғ.к. Сәбит Жәмбек «Біржан сал шығармашылығының алтын өзегі», белгілі өнертанушы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, сазгер-әнші Серік Оспанов «Біржан салдың ән мұрасындағы тарихилық пен деректілік» тақырыбында құнды да маңызды, әрі тағылымы мол баяндамалар жасап, жиылған қауымның көңілінен шықты.

Шара барысында Біржан бабамыздың мұрасын зерттеп жүрген ғалымдар мен әнші-сазгерлер, баяндама жасаушылар мен арнайы келген қонақтар Біржан салдың 185 жылдығына арналған медальдармен және алғыс хаттармен марапатталды.

Қойнауы қазынаға толы, жері киелі, тарихы шежірелі Көкше жеріндегі Біржан бабамызға арналған торқалы той түс ауа Мәдениет үйінде қайтадан жалғасын тауып, еліміздің әр аумағынан арнайы келген Дидар Қамиев, Арзыгүл Қайынбек, Әлібек Серғалиев, Ботагөз Мухидинова, Әсем Жұманғазина, Мақсат Ақанов сынды ақындардың қатысуымен тартысты  айтысқа ұласты. Сондай-ақ, Ш. Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының театрландырылған қойылымы да ұсынылды.

Мерейлі тойдың келесі күні Сарыарқа төрінде Біржан сал құрметіне киіз үйлер тігіліп, арнайы ас берілді. Ұлттық спорт түрлері: дүбірлі ат жарысы Аламан бәйге ұйымдастырылып, көкпар және т.б. түрлері, балуандар күш сынасып, жастар алтыбақан басында Біржан сал өлеңдерін орындады.

Сөйтіп, қазақ ән өнерінің дүлдүлі атанған, шоқтығы биік ақиық сазгер-әншіміз Біржан сал Қожағұлұлының мерейлі тойы Арқа жұртшылығын ерекше қуанышқа бөледі.

Құрметті ағайын, қазақтың ұлттық өнерінiң жарық жұлдыздары атанған, атақты да, аса көрнектi тұлғаларының мәртебесін әрдайым биiкке көтерiп, Алаш аспанында шарықтата берейік!

090920191435_1.JPG

090920191435_1.JPG

090920191435_1.JPG

090920191435_1.JPG

090920191435_1.JPG

090920191435_1.JPG

090920191435_1.JPG

090920191435_1.JPG

090920191435_1.JPG

090920191435_1.JPG

090920191435_1.JPG

090920191435_1.JPG

090920191435_1.JPG

090920191435_1.JPG

090920191435_1.JPG