Skip to main content
x

Түлекке

Жұмысты қалай іздеуге және табуға болады?


Жұмыс іздеу – оңай шаруа емес. Ғалымдардың зерттеуінше, жұмысты іздеу нәтижесі тиімді болу үшін, оған аптасына 40 (!) сағатқа дейін уақыт бөлу қажет, яғни толық жұмыс аптасын арнау керек. Осылайша, жұмыс іздеп жүрген адамдар хабарландырулар бойынша бірнеше рет қоңырау шалып, ұсыныс бойынша бір-екі мекен-жайға барып, көңіліне жақын ештеме таба алмаса,  көңіл күйлерін түсірмеуі тиіс. Себебі, олардың жұмысы тек енді ғана басталып жатыр.
Неден бастау керек? Бұл мәселе қазір түрлі себептер бойынша жұмыстан айырылғандарды, түрлі оқу орындарын, курстарды енді ғана аяқтағандарды да қызықтырады. Ең алдымен, үрейден қашық болу қажет. Қазіргі кезде бұндай жағдай кез келген адамның басынан өтуі мүмкін екенін, және көптеген адамдардың осындай жағдайдан жол тауып шығатынын Сіздің түсінуіңіз керек. Көбінесе, жұмысынан айырылған адам  тым болмаса қысқа уақыт болсын отбасының назарын өзіне аударып, жаңа жұмыс іздеудің жайсыз процесін барынша созу үшін «құрбанның» роліне енеді. Әрине, Сізге біршама тынығып алған жөн, бірақ өз роліңізді тым әсірелеп жібермеңіз: сіздің айналаңыздағы адамдардың да төзімінің шегі бар.
Сонымен, бірінші кезең өтті: сіз біршама сабырға келдіңіз және жұмыс іздеуге дайынсыз.  Бұқаралық ақпарат құралдарындағы барлық конкурстар мен әңгімелесулерге қатысуға, бәріне үлгеруге тырыспаңыз. Ең алдымен, өзіңіздің қандай жұмысқа орналасқыңыз келетінін, нақты не істей алатыныңызды, қолыңыздан не келетінін және, түптеп келгенде, еңбек нарығында қазіргі кезде қандай мамандықтарға сұраныстың жоғары екенін егжей-тегжейлі ойластыру қажет. Еңбек нарығы туралы қалыптасқан ақпаратты жұмыспен қамтылу қызметінен алуға болады.
Бұдан кейін аса күрделі сәт басталады: сіз өзіңіздің мамандығыңызға қазіргі уақытта  сұраныстың жоқ екенін немесе оған ақы тиісті дәрежеде төленбейтінін түсінесіз. Бұл кезең  бәрінен де 40-45 жастағы адамдарға қиындық келтіреді. Бұның себебі де бар: олар кезінде беделді, қажетті және қызықты мамандық иесі болып, сол мамандығы бойынша бірқатар жылдар бойы еңбек етті, ал енді алған осы білімі керексіз болып қалды.  
Мамандығыңды ауыстырудан қорықпау керек, мүмкін, кім біледі, жаңа мамандығыңыз сіз үшін бұрынғыдан да қызықты және болашағы зор болар. Жұмыс іздеушілерге тағы бір «пайдалы кеңес»: әрбір талпыныс жасаған сайын Сіз рухтанып, жігерлене түсуіңіз керек. Яғни, егер де сіз он шақты жерді аралап, ол жерлердің барлығында жолыңыз болмаса, онда он біріншісіне де бастапқы көңіл күймен барып, жұмыс берушімен кездескенде салмақтылық таныту қажет. Бұл өте маңызды, себебі егерде адамның көңілі қалса, жақсы жұмыс табудан үмітін үзсе, онда оған оны табу қиынға түседі. Бұндай адаммен сөйлескен кездің өзінде-ақ, оның көңіл күйін бірден байқауға болады: «Айтпақшы, Сізге, экономист (дәнекерлеуші, күзетші ...) керек емес пе?». Әдетте бұндай сұраққа «Қажет емес», - деп бірден жауап береді. Шынында, сіз жұмыс берушіге бұл сұрақ үшін жауапты өзіңіз беріп тұрсыз ғой. Дұрысы, сіз өзіңізді таныстырып, өзіңіз туралы мәлімет беріп (қысқаша), кейбір жадайларда – жай ғана өз түйіндемеңізді ұсынған жөн. Жалпы, бұл сіздің біліміңіз, еңбек өтіліңіз, қызметке  пайдасы бар жеке қасиеттеріңіз туралы қысқаша ақпарат.
Сонымен, ең соңында жұмыс іздеу барысында қандай көздерге жүгіну керек және неден қашық болу керек? Қазіргі кезде жүгінетін көздер көп, бірақ олардың барлығы бірдей дерлік  назар аударатындай емес. Егер де Сіз газеттерге жүгінсеңіз, онда маңызды, «Жұмыс» айдары бар немесе сол тақырыпқа арналғандарын пайдаланғаныңыз жөн. Тек телефон номерінен тұратын немесе шамадан тыс жоғары жалақымен үміттендіретін хабарландыруларға назар аудармаңыз.
Газеттен басқа, радио, жұмыспен қамту қызметі немесе кадрлық агенттіктерінің ақпараттарын да пайдалануға болады.
Жұмысқа ие болудың бірден бір дұрыс жолы ұсыныс болып табылады: туыстардың, таныстардың немесе  осы жерде жұмыс істейтін адамның тегін атайсыз. Кез келген басшы үшін  өз командасына «көшеден» келген адамнан гөрі, алыстан болсын таныс адамды алу анағұрлым жақсы. Сондықтан бұрынғы байланысты сақтаңыз, өз жақындарыңызды сізге жұмыс іздесуге тартыңыз, жоғарыда айтылған кеңестерге құлақ салыңыз, сонда ғана сізде бәрі жақсы болатынына сенімді бола аласыз.