Перейти к основному содержанию
x

Перевод казахского языка на латинскую графику

Нурсултан Назарбаев внес изменения в Указ о переводе казахского языка на латинскую графику

 

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың  
2018 жылдың19 ақпандағы № 637 жарлығы бойынша

Алғашқы бекітілген латын графикасына негізделген әліпбиге екі өзгеріс: бұрынғы s` (ш) және с (ч) әріптерін қосақталған таңбалар арқылы sh (ш) және ch (ч) беру туралы өзгерістер енгізілген екен. Бұл өзгерістер бұл дыбыстарды айтуда да және әсіресе, жазуда біршама жеңілдіктер тудырады.
Бекітілген әліпбиде негізінен «бір дыбыс – бір таңба» ережесі сақталған. Дегенмен ш және ч дыбыстарын қосарланған таңбамен (sh (ш) және ch (ч)) белгілеу тәжірибеде бар болғандықтан (мыс. ағылшын тілінде) күнделікті қолданыста қиындық тудырмауы тиіс, әрі ол дыбыстарды компьютерде белгілеуде де ыңғайлы. Сондықтан Елбасының 2018 ж.19 ақпанда № 637 жарлығымен бекітілген жаңа әліппбиді мен маман ретінде қолдаймын.

Бердібай Шалабай,
Филология ғылымдарының докторы, профессор

 

 

 

Латын графикасына пікір

Үстіміздегі жылдың сәуір айындағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік. Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты Елбасы мақаласы көптің көкейіндегі ел болашағы туралы ойларға қозғау салып, басты міндеттерді талдап-толғау қызу жүруде. Осы орайда мақала көтерген қазіргі жаһандану заманында әлемдік жаңа технологияны терең меңгеру, сол арқылы бәсекелестікке қабілетті ел болу ең басты қажеттіліқ –  әрі міндет. Алайда, әлемдік ақпараттық технологияларды сауатты үйренумен бірге өзіңнің ғасырлар қойнауынан бастау алатын салт-дәстүрі, тарихы, таным-білігі қалыптасқан, жаңғыруда көрсетілгендей өзіндік ұлттық ерекшелігі–ел-таңбасы (коды) бар қазақ екеніңді, тіліңді, діліңді, дініңді, әдет-ғұрпыңды, асыл қазынаң–ғасырлар үрдісінде қалыптасып, өркен жайған жалпы халықтық әдебиетіңді, төл мәдениетіңді ұмытпағаның жөн. Ал болашағымыздың тірегі–жас ұрпаққа қойылатын бұл басты талап ұлттық тәрбие арқылы жүзеге асуға тиіс. Ол үшін таяу жылдарда атқарылатын басты міндеттер де атап көрсетілді. Соның ең маңыздысының бірі–қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру міндеті. Әрине, бұл тосыннан қойылып отырған мәселе емес, көптен айтылып, жан-жақты талқыланып, кере қарыс керісулер тудырған мәселе.
Ресми түрде Мемлекет басшысы бұған 2012 жылғы «Қазақстан-2050» Стратегиясында атап көрсеткен болса, осы «Рухани жаңғыру» бағдарламасында сөзден іске кірісудің нақты мезгілін атап-көрсетіп, 2017 жылдың аяғына дейін ғалымдар көмегімен қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы біріңғай стандартты нұсқасын қабылдау жөнінде нақты тапсырма берді де 2018 жылдан жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауды міндеттеді.
 Ел басының осы тапсырмасын жүзеге асыру жолында талай ұсыныстар жариялануда. Олардың біразымен таныса отырып, өз басым «Ана тілі» апталығында 18-24 мамырдағы  №20 санының 1,6-7 беттерінде жарияланған, осы игілікке іске тікелей басшылар, тіл мәселесіндегі өзіндік орны бар ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының  президенті Өмірзақ Айтбайұлының, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Ерден Қажыбектің, А. Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының Бас ғылыми қызметкері, филология ғылымының докторы, профессор Әлімхан Жүнісбектің «Қазақтың ұлттық ен–таңбасының (кодының) бірі –ұлттық жазу» атты жобаны, өздері атап көрсеткен «Ұлттық жобаны»  толығымен қолдай отырып, әсіресе, ендігі жерде, авторлар ұсынған, әліпбиді бір ғана жарлықпен, кезіндегі Түрік республикасының президенті Кемал Ата Түрік сияқты Ел басы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бұйрығымен бекітіліп, сол адамның бас болып үйретуімен бастаған жөн деп білетінмін. Сонда ғана бұл жоба құзырлы құжат болып, мемлекет қызметкерлерінің жауапты ісіне айналады. Мемлекет жауапкершілігіне байланысты нақты атқарылар іс аяқсыз қалып, сөзбұйдаға салынбайды да мемлекеттік тіл өз құзырына ие болады. Бүтін халық та, іс басындағы «ел адамдары» да, оның ішінде қазақ тілінің беделін белден басып жүрген «орыс тілді» шалақазақтар да мемлекеттік тілге деген шын құрмет жасауға көшеді. Оның үстіне мемлекеттік тілді өз дәрежесіне жеткізу заңнамасына өзгеріс енгізіп, мемлекеттік тіл–елдің атына ие қазақ тілі екендігі, мемлекеттік тілге ел таңба, ел ұран, еліміздің көк байрағы сияқты рәміздер қатарында ерекше құзыреттілік беріліп, үкімет құжаттары алдымен сол тілде жасалып, содан кейін басқа тілге аударылса дегіміз келеді. Әрі ана тілімізді, іс басындағы адамдар да, жалпы ел азаматтары да құрметтеу қажеттігі арнайы құжатпен бекітіліп, оны жүзеге  асырмағандар айыпталғаны ләзім деп білеміз. Әйтпесе, мемлекеттік тіл бүгінгі таңда өз деңгейінде тұр дей алмаймыз. Өткен жылдың қазан айында КТК (бұрынға «Ел арна») арнасында өткізген «Жеті ән» деген  хабарды тыңдадым. Сонда өзім әнші ретінде сыйлайтын Баян Есентаева мен тағы бір-екі алқа мүшелері хабар қазақ тілінде жүргізіліп жатқанымен өз пікірлерін орыс тілінде білдірді. Тек Майра Мұхамедина ғана таза қазақ тілінде, өз ойын ән құдіретін аша алатын сөз мәйегімен жеткізе алды. ?! Мәдениетіміз туралы хабар осы болса, басқа хабарлардан не күтуге болады.... Басқа да телехабарлар осы деңгейдежетінші арнада берілетін хабарлар тек қзақтардымасқаралау әжіуалау күлкіге айналдыру. Газет-журналдарда, түрлі басымдардағы мақалалар қателерге тұнып тұр.Тіл мәселесін дұрыс шешудің көш басында тұратын ақпарат құралдарынан енді не күтуге  болады, мемлекеттік тілді асқақтатқанымыз осы ма? Ғасырлар қойнауынан жетіп,  талай жылдар әлемді тамсандырған әдеби және мәдени мұралар тудырған, бүгіндегі ең керемет халық шеберлігінің қайталанбас туындысы «Алтын адам» (біздің еліміздің түкпір-түкпірінен төртеуі табылып отыр ғой), «Тайқазандар сияқты өнер туындыларын жасаған екі жүз миллиондай түрік жұртының  қазіргі өркениетті елдердің жазу тарихын он орап алатын, атам заманғы тарихы бар «қына» жазуы бола тұрып, «жазу-сызусыз» жұрт атанғандығынан», - құтыламыз. Сондай-ақ «жазу-сызусыз» халық деген сөз «жабайы, мешеу, телмірінді, тілі дамымаған, төменгі санаттағы халықтар» дегеннен де ада боламыз. Тағы бір айта кетеріміз, латын графикасына көшкенде жазылуы мен оқылуы тұрақсыз ағылшын нұсқасынан гөрі түрік, неміс үлгілерін қабылдаған жөн деп есептейміз.
Ал, бүгінде қабылданған, қазірде жаппай танысыстырылып жатқан латын әліпбиіне толық қосыла алмаймыз. Осы орайда 1929 жылы қабылданған А.Байтұрсынов басшылығымен жасалаған нұсқа ең дұрысы деп есептейміз, «Ә», «Ө»  сол әліпбиде бар қалпында, ал «У» дыбысы жалпы әлемдік әліпбидегі «U» әріпімен қалғаны жөн. Игі іс ойдағыдай атқарылса деп тілейміз.

А.Ы. Есмағұлов,
филология ғылымдарының
кандидаты, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау
мемлекеттік университеттінің доценті.

 

Көңілге қонымды нұсқа

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2017 жылдың 26 қазанындағы №569 «Қазақ әліпбиін кирилицадан латын графикасына көшіру» туралы Жарлығына өзгерістер енгізіп жаңа редакцияда бекіту туралы қаулысын дұрыс шешім деп қабылдаймын. Аталған нұсқада бірнеше оң өзгерістер бар.
Біріншіден, «ш», «ч» дауыссыз дыбыстарының «sh» «ch» диграфтарымен берілуі. Бұл біздің әліпбиіміздің өзге тілдердің латын графикасындағы жүйесімен біріздендіреді.
Екіншіден, төл дыбыстардың графема үстіндегі апострофтармен таңбаландығы да орынды. Себебі, алдыңғы нұсқадағы үтір апостроф айырым белгісі ретінде ұғынылған еді.
Дегенмен де ұлттық комиссияға ұсыныс ретінде әліпби нұсқасындағы 25 позициядағы «u» графемасын өзге тілдердегі «у» фонемасын белгілеуге алынса дұрыс болар еді. Себебі, «u» таңбасы барлық латын графикасы жүйесіндегі әліпбилер жүйесінде «у» дыбысын белгілейді. Бұл өзгеріс таңбаның универсалдылығын арттырар еді. Екіншіден, әліпби нұсқасынан «ц» аффрикат фонемасы түсірілген.
Елбасымыз өз Жолдауында халықаралық терминдерді сақтауды ұсынған еді. Осы фонема терминдердің басым бөлігінде кездеседі. Мәселен, процесс, прогресс және т.б.
Жалпы ұсынылған нұсқа көңілге қонымды. Көш жүре түзелері сөзсіз.

Л.Қ.Мусин,
 Қазақ филологиясы кафедрасының аға оқытушысы,
 гуманитарлық ғылымдар магистрі

 

Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә.Назарбаевтың қолдауымен заңды түрде бекітілген қазақ әліпбиі менің көңілімнен шықты.     Бұл әліпби ата-бабамыздан келе жатқан ана тіліміздің негізгі айшықтарын айқын көрсетіп, төл дыбыстарымыздың ешбір бұрмалауға түспей, дұрыс айтылуына мүмкіндік береді.
Біз-жастар, қазақ тілінің латын қарпіне көшуі- қазақ елінің әлемдік аренада бой көрсетуіне жол ашатын негізгі баспалдақ деп білеміз. Сондықтан, қазақстандық әрбір азамат жаңа әліпбиді тезірек, сауатты меңгеріп, қазақ тілін ғылым мен техниканың тілі ету үшін аянбай күш жұмсауы қажет деп есептеймін.Болашақ тіл маманы ретінде де бұл бастаманың дұрыс екенін аңғарамын. Ендігі жерде, ана тіліміздің қадір-қасиетін халықтың қайта ұғынарына, ұрпақтардың мәңгүрттенбесіне сенемін.     Ел болып, жұрт болып атқаратын игі бастамаға тек қана сәттілік тілеймін!

 

                                                                                 Нысанбек Күләш, Ш.Уәлиханов атындағы
                                                                     КМУ-нің
                                                             филология және педагогика факультетінің
                                                                      4-курс студенті